Тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату институтын жетілдіру: Германияның қылмыстық қудалауды шартты тоқтату тәжірибесі
DOI:
https://doi.org/10.63546/3005-2246.2026.15.3.019Кілт сөздер:
жаза, жәбірленуші, зиян, мемлекеттік мүдде, қалпына келтіру, қылмыстық жауаптылық, қылмыстық қудалау, шарт, татуласу.Аңдатпа
Мақаланың мақсаты – татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату институтының құқықтық табиғатын, оны қолдану барысында туындайтын проблемаларды талдау және оны жетілдірудің құқықтық тетіктерін айқындау. Зерттеудің әдіснамалық негізін формальды-заңдық, салыстырмалы-құқықтық, жүйелік және логикалық талдау әдістері құрайды. Зерттеу барысында Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамасы, сот практикасы, сондай-ақ Германия Федеративтік Республикасының қылмыстық және қылмыстық-процестік құқық нормалары зерделенді.
Зерттеу нәтижесінде татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату институтын қолдану кезінде екі және одан да көп объектіге қол сұғатын қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша бірқатар құқықтық қайшылықтардың бар екендігі анықталды. Атап айтқанда, жәбірленушіге келтірілген зиянның өтелуі қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерге келтірілген зиянның толық қалпына келтірілгенін әрдайым білдірмейтіні негізделді. Сонымен қатар, Германияның қылмыстық қудалауды шартты түрде тоқтату тәжірибесі зерттеліп, оның қылмыстық заңнаманың алдын алу міндеттерін іске асырудағы тиімділігін көрсетеді.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату институтының құқықтық табиғатын нақтылаумен байланысты. Практикалық маңыздылығы қылмыстық қудалауды шартты түрде тоқтату институтын енгізу жөніндегі ұсыныстарды негіздеумен байланысты. Зерттеу қорытындысы бойынша аталған институтты жетілдіру және қоғамдық әрі мемлекеттік мүдделерді қорғау тетіктерін күшейту қажеттігі тұжырымдалды.
Open content is licensed under the CC-BY